Sports.kz
Дата от   до

СпециалистыАдильжан Умбет

14 ноября 2012(17:08)

Нұрлан Әбуов: «Қайсар» әрқашан халықтың командасы болған

Қазақстан премьер-лигасының ХХІ маусымы да өз мәресіне жетті. Қызылорданың «Қайсар» футбол командасы 9-орынға табан тіреп, премьер-лигада өз орнын сақтап қалғанымен, команданың айналасында шешімін таппай жүрген мәселелер ел аузында көп айтылып жүр. Осыған орай, Сыр елінің жалғыз командасының жай-күйін білу үшін команда бастығы Нұрлан Әнтешұлы Әбуовпен әңгімелескен едік.

 

- Нұрлан Әнтеш­ұлы, маусымның басында «Қайсар» ал­ғашқы бес ойын қа­тарынан жеңіліп, сүреңсіз бастағанына қарамастан, командаға қайта келуіңізге не себеп болды?

- Өзіңіз айтып өткендей, биылғы маусымның басында «Қайсар» өте қиын жағдайға тап болды. Тығырықтан шығатын жол іздеген облыс басшылары ме­нің командаға қайта оралуымды сұрады. Өзімнің бұл саладағы тәжірибеме және коман­даға жанашыр адам ретінде қолымнан келгенше көме­гімді беруге келістім. Командада ең бірін­ші мәселе футболшыларды психологиялық тұрғыда да­йындау қиынға соқ­ты. Менің қызметім тікелей команданың жай-күйіне жауап беру болды. Ал бас бапкер Владимир Андреевич Никитенко футболшылардың ойын үлгісі мен тактикалық жағынан өзгертулер енгізсе, біз командаға керек жағдайдың барлығын жасауды мойнымызға алдық.

- Жалпы командадағы жұ­мысыңызға өз есебіңізді берсеңіз?

- Біріншіліктің бірінші айналымынан кейін, трансфер­лік терезенің ашылуына байланысты жақсы ойыншылар табу басты жұмысымыз болды. Азғант­ай уақыттың ішінде шақырыл­ған футболшылардың деңгейін білу қиын шаруа, бірақ  тәуекелге  бел  буып, олардың еңбек кітапшаларына, бұрынғы ойындарын бейнежазбадан көру арқылы бір шешімге тоқталуымызға тура келді. Мысалы, Марьян Марковичпен 3-ақ күнде келісімшартқа отырдық. Өйткені «Динам­о» (Киев), сербиялық «Црвена Звезда» клубтарында өнер көрсетіп, сол елдердің бірнеше мәрте чемпионы атанғ­ан және чемпиондар лигасы­нда да ойнаған тәжірибесі бар футболшы. Абделькарим Фахтали де бізге жұмбақ футболшы болған, бірақ командамен өткізген жаттығу­ларына қарап, бұрынғы ойындарын бейнежазбадан көріп, келісімшартқа отырдық. Жаман болған жоқ, Абделькарим командаға көп пайдасын тигізді, тіпті аз уақыттың ішін­де қызылордалық жанкүйерлердің сүйікті ойыншыларының біріне айналды. Ал Боян Мамичке келсек, 3 доп соғып, 3 нәтижелі пастың авторы атанды. Дмитрий Пархачев та - Қазақстанда өзін көрсете білген ойыншылардың бірі, оның да командадағы еңбегі зор. Сондай-ақ, сербиялық қақпашы Неманья Джоджоның шеберлігінің арқасында ұпай алған ойындарымыз да болды. Ол екінші айналымның сегіз ойынында өзінің қақпасын голдан аман алып қалды. Бұл – қақпашы үшін өте үлкен нәтиже. Сондықтан ең алдымен командадағы барлық жігіттерге үлкен алғысымды білдіремін, қиындықтарға мойынсынбай, бір жанұяның мүшелері секілді бір-біріне қолдау көрсетіп, жасыл алаңда барын салды. Оларға риза­шылығым шексіз.

- Облыс билігінен толық­қанды қаржылай көмек көрсе­тілді ме?

- Клубтың қаржы мәселесін мен білмеймін. Менің келісім­шарт бойынша міндетім команданың қасында болып, дайындық жұмыстарына барлық жағдайды жасау болды.

- Маусымның орта тұсынан бастап футболшылардың жал­ақы алмағаны рас па?

- Бұл сауалыңызға толыққанды жауап бере алмаймын. Бірақ жалақы беруде кешік­тірілулер болды, несін жасырайын, ондай мәселе тек біздің клубта ғана емес, басқа командаларда да бар.

- Біздің клубтың базасына сыртынан қарасаңыз, ешкімнің қарауынсыз қалған, тастап кет­кен­ ғимаратқа ұқсайды, ал осы базаның инфрақұрылымы қаншалықты стандартқа сай және оған көңіліңіз тола ма?

- Бұл - біздің клубтың шеші­мін таппай тұрған ең ауыр мәселесі. Базамыздың сырты түгіл, ішінің өзі де стандартқа сай емес. Шынын айту керек, шет­елден келген Марьян Маркович пен Абделькарим Фахтали ең бірінші рет біздің базаны көріп жағасын ұстап, талып қала жаздады. Енді қайтеміз мүмкіндігіміз болмаса, бұл мәселе талай жерде айтылды, бірақ құлақ асқан адам жоқ. Базада 30 адам тұратын болса, барлығына  төрт  жуынатын жер мен әжетхана бар. Тіпті, айта берсең кемшілік көп, қарап тұрып өзің ұяласың.

- Жаңадан база салу жос­парда бар ма?

- Болашақта қаладан 15-20 шақырым жерде орналасқан Ақжарма (бұрынғы МИС) ауылында жаңадан база салу ойластырылуда. Бірақ оның қашан жүзеге асатыны белгісіз. Ал Қазақстан футбол федерациясының жылдан жылға талаптары күшейіп келе жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Болашақта әр клубтың өз футбол мектебі болуы тиіс деп жатыр. Ал бізде мектеп түгілі, базамыз талапқа сай емес. Дәл осылай қала беретін болса, премьер-лигадан алып тастауы да ғажап емес. Өйткені талап бәріне бірдей. Сондықтан осы мәселе бойынша жоғарғы басшылар қолұшын созып, дер кезінде көмегін тигізсе екен деймін.

- Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионның жағдайы да айтарлықтай мәз емес, жаңадан көк шым төсеуді талап етіп тұрғанына да бірнеше жылдың көлемі болды, осы мәселеге қаржы бөлу туралы ұсыныстар айтылды ма?

- Иә, орталық стадионның футбол алаңының жағдайы сын көтермей тұр. Қызылордаға келген командалардың барлы­ғы көгалдың нашарлығын айтып, ҚФФ арызданып болды. Олар бір ойын ойнап, жылап-сықтап кетсе, біздің футболшылардың шықпаған жаны. Содан кейін де алаңның нашар жағдайынан біріншілік барысында жарақат алып қалған футболшылар көп болды. Жай ғана мысал, көгалды күтіп ұстау үшін заман талабына сай арнай­ы машина, су шашатын құрылғылар болуы тиіс, ал бізде ондай жоқ. Барлығын қолмен, арбамен істейді, одан жұмыс та өнбейді.

- Биыл команданың қосалқы құрам ойыншылары соңғы турға дейін жоғарғы нәтиже көрсетуге ұмтылғаны көңіл қуантады. Ал өзінің ағаларынан тәуір нәтиже көрсеткен осы жастарымызға қандай қолдау көрсетіп, оларға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр­?

- Құдайға шүкір, Сыр елі - қазақ футболына көптеген футболшылардың есімін сыйлаған өңір. Бірақ, осы жастарымыздың барлығы дерлік бірінші командада ойнап кетуі сирек кездесіп жатады. Неге десеңіз, өйткені оларға да маусымның басында шетелде оқу-жаттығу жұмыстары мен көптеген жолдастық кездесулер ұйымдастырылса, шеберліктері шыңдалып, өздеріне сенімділік пайда болып, жақсы нәтижеге қол жеткізер еді. Және де қазіргідей бір ғана жаттықтырушы емес, кем дегенде үш-төрт бапкер болуы керек. Өкінішке орай, қаржының барлығы негізгі құрамға жұмсалып, қо­салқы құрамға ондай дайындық өткізуге жылда қаражат жетпей жатады. Бірінші айналымда жас қайсарлықтар да көп сүрініп жүрді. Негізгі командаға Владимир Никитенко бас бапкер болып келгеннен кейін, ол қосалқы команданың белді ойыншыларын негізгі құрамның футболшыларымен бірге жаттығу жұмыстарына қосып, жас футболшылардың өз­деріне деген сенімділіктерін нығайта түсті. Оларға бұл жаттығулардың көп пайдасы тиді. Екінші айналымда өте жақсы нәтиже көрсетіп, маусымның соңында 6-орынға қол жет­кізді.

- Команда биылғы маусымда өнер көрсеткен футболшыларын сақтап қала ала ма, әлде қош айтысқан футболшылар бар ма?

- Бұл мәселені бас бапкер­дің өзі шешетін болады. Бапкердің қойған талабына жауап беріп жатса, әрине, ол ойыншыны командада ұстап қалуға тырысамыз. Біз бір футболшымен 3-4 жылға келісімшартқа отыра алмаймыз, өйткені команданың қаржы мәселесі тұ­рақты емес. Сондықтан қандай футболшы болса да, бір мау­сымға келісімшарт жасаймыз.

- ҚФФ ендігі жылы алаңда міндетті түрде өнер көрсететін жас ойыншы мен легионерлерге қандай шектеу қойып отыр?

- Жақында ҚФФ-ның жаңа талаптарына сай алаңда өнер көрсететін жас футболшының туылған жылы 1992 жылдан үлкен болмау керек десе, сырттан келетін легионерлердің жасы 29-дан үлкен болмауы тиіс деп бекітілген. Осы талаптарға байланысты биылғы коман­даның көшбасшы ойыншысы Градомир Црнограц келес­і маусымда өнер көрсете алмайтын секілді.

- Владимир Никитенко келесі­ маусымда «Қайсарға» бапкерлік етеді ме? Немесе қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Бұл сұрақ маған емес, жоғарғы басшыларға қойылуы тиіс. Тіпті менің келісімшартым осы маусымның аяғында бітеді. Командада кімнің қа­лып, кімнің кететінін жоғар­ғы басшылардың өздері шешеді.

- Қызылордалық жан­күйерлерге өз лебізіңізді біл­дір­сеңіз?

- Қызылордалық жанкүйерлерге айтатыным, «Қайсар» әрқашан халықтың командасы болған, бола береді де. Команданың қиындықтарына қарамастан, стадионға келіп, қолдау білдіріп, жеңісіне бірге қуанған қызылордалық жан­күйерлерге алғысымыз шексіз. Сыр елінің халқы қай кезде болмасын, үлкен футболдан шет қалмауы керек.

- Әңгімеңізге  рахмет.

Әңгімелескен

Әділбек  ЖАҚАНОВ.

 

«Халық» газеті.

08.11.2012.

 

Файл "Абуов" не может быть загружен. Разрешена загрузка файлов только со следующими расширениями: jpg, jpeg, gif, png.


Подписывайтесь на главные новости
казахстанского спорта в Telegram

t.me/allsportskz

Комментарии

Сделать ставку
Комментировать могут только авторизованные пользователи, войдите или зарегистрируйтесь

Карточка блогера

«Қайсар» футбол клубы

Блог журналиста Адильжана Умбета о футбольном клубе «Қайсар»

  • Дата рождения:

    17 января 1976

  • В спорте:

    с 1991 года

Профиль блоггера

Фотоальбом

Наверх