Sports.kz
Дата от   до

СпециалистыАдильжан Умбет

14 ноября 2012(17:17)

Дайындыққа күш салу қажет

Биылғы маусым «Қайсар» үшін оңайға соққан жоқ. Біріншілікті сәтсіз бастады. Алғашқыда ұпай ала алмады. Бес тур бойы... Сосын қайратына мінді. Ойын өрнегі өзгерді. Талай ұжымды тізе бүктірді. Арасында мықтысы да бар. «Шахтер» мен «Ертіс» те солай опық жеді. Екеуі де биыл жүлде алды. Алтын мен күміс бұйырды. Ендеше, «Қайсар» азулы ұжымнан да қаймыққан жоқ дейміз. Жеңіске жетелеген ойыншылар бар. Жанкүйер оларды жақсы таниды. Қорғаушы Руслан Эсатов да солардың қатарында. Оның біздің команда сапында ойнап жүргеніне биыл екінші жыл. Жасыл алаң төрінде өзіне сенімді екені байқалады. Біріншілік қорытындысы бойынша онымен әңгімеге тартудың сәті түсті.

– Руслан, қалай ойлайсың, «Қайсар» үстіміздегі жылы сәтті ойын көрсете алды ма?

  Сәтті деп айтудың реті келмес. Дегенмен, біз жанкүйер сенімін ақтауға тырыстық. Рас, алғашқы бес турда қоржынға ұпай түскен жоқ. Мұндай жағдай кез-келген ұжымда кездеседі. Тіпті, атағы жер жарған клубтар да осылай сүрініп жатады емес пе? Өйткені, биыл командаға жаңадан ойыншылар қосылды. Алғашқыда ойын барысында бір-бірімізді түсінісе алмадық. Одан бері бір-біріміздің ойын мәнерімізді білдік. Командаға Владимир Никитенко бас бапкер болды. Ол кісі өз ісін білетін білікті маман екені белгілі. Көптеген ақыл-кеңесін айтты. Ширай бастадық. Жеңіске қол жетті. Тоғызыншы орын еншімізге бұйырды.

– Сен «Қайсарға» Қаратаудың «Лашын» командасынан келгеніңді білеміз. Негізінде қай қалада үлкен футболға қадам жасадың?

    Мен Тараз қаласында дүниеге келгенмін. Он жасымнан аладопқа үйір болдым. Жергілікті команданың балалар тобына қабылдандым. Алғашқы бапкерім – Джафар Фахруддинов.

   Тұсаукесер ойының есіңде ме?

   Мен 2005 жылы Тараздың «Жамбыл» клубында ойын көрсеттім. Бұл команда бірінші топта болды. Келер жылы «Тараздан» шақыру алдым. Онда алғашқы ойында «Қайратқа» қарсы шықтық. Осыдан кейін кәсіби футболдағы жолым жалғаса берді. Беріде «Каспий» және «Лашында» тер төктім. 2010 жылдан бері «Қайсардың» сапындамын.

   Қызылордада ойын көрсету қиынға соққан жоқ па?

   Тараз бен Қызылорданың арасы шалғай емес. Екеуі де еліміздің оңтүстік өңірінде қоныс тепкен. Адамдардың өмір сүру тәртібі де бір-біріне ұқсас. Оңтүстікте дүниеге келгеннен кейін мен еш қиналған жоқпын. Қызылордаға бірден-ақ бауыр басып кеттім. Жергілікті жанкүйерлер де мені жылы қабылдады. Ойыннан кейін алғысын білдіреді. Кейде ренішін де айтады. Біз әрбір ойында олардың көңілін табуға тырысамыз. Әрине, барлығы көңілдегідей болмай жатады ғой. Кейде мықты қарсыласты жеңіп, мерейің өседі. Ендігіде ойының жүрмейді. Қанша шабуылға шықсаң да, қақпаға доп дарымай жатады.

   Сен «Тараз» командасының түлегісің.. Биыл бұл команда біріншілікте жоғары орынның біріне табан тіреді. Оның негізгі себебі неде деп ойлайсың?

   Иә, биыл олар талайды таңғалдырды. Төртінші орын алды. Оны кездейсоқтық деп айта алмайсың. Жыл басында команда тізгінін білікті маман ұстады. Бұл қызметке серб маманы Любомир Петровичті шақырды. Тәжірибелі футболшылар да келді. Біріншілік шымылдығын түрген сәттен олар алдыңғы қатардан көрінді. Доп додасы аяқталғанша сол қарқыннан тайған жоқ.

    «Қайсар» да жүлделі орыннан көріне алатын ба еді?

   Әрине. Біздің команда бұрыннан тәжірибесі мол ұжымның бірі. Қай кезеңде де мықтылармен терезесі тең ойын көрсететін. Талай таланттарды түлетіп ұшырды. Қазір еліміздегі бірнеше клубта қызылордалық футболшылар бар. Осының өзі Қызылорда футболының беделі биік екенін дәлелдейді. Сөз басымда айтқанымдай, биылғы доп додасының алғашқы турларында сәтсіз ойын көрсеттік. Осыған қарамастан біріншілік соңында алғашқы ондық еншімізге бұйырды.

   Сен соңғы үш жылдан бері қызылордалық ұжымның жейдесін киіп жүрсің. Алдағы кезеңде де біздің клубта қалуға ниет білдіріп отырсың ба?

   Әзірге бұл жайында ештеңе айта алмаймын. Келер жылғы біріншілік басталғанша бір шешімге келемін. Басқа командалардан ұсыныс түсіп жатса, оны да ойланып көреміз.

   Қазақстанның футбол деңгейін қалай бағалайсың?

   Шындығын айтқанда, жылдан жылға біздің еліміздің біріншілік деңгейі өсіп келеді. Оны жанкүйер де байқаған шығар. Бұрын бас жүлдеге қай ұжымның қол жеткізетіндігі алдын-ала белгілі болып қалатын. Биыл соңғы турларға дейін оның жауабы табылған жоқ. Осының өзі доп додасының тартысты өткенінің бір белгісі емес пе?

   Қай елдің футбол біріншілігін үзбей бақылап жүрсің?

   Әрине, қазір жер шарында Англия клубтарының шеберлігі жоғары бағаланады. Бұл елде ойын көрсету барлық ойыншының арманы емес пе? Ағылшын Премьер-лигасында жылдамдық алғашқы кезекте тұрады. Кездесудің өне бойында футболшылар жақсы қимыл көрсетеді. Мен осы елдің «Манчестер Юнайтед», «Челси» клубтарын жоғары бағалаймын. Ал Испанияда «Реал» командасының мен үшін орны ерекше. Көршілес Ресейде Махачкаланың «Анжиіне» тілеулес боып жүрмін. Аталмыш ұжымға қомақты қаржы құйылды. Көптеген жұлдыздар команда сапына қосылды. Олардың бағындыратын белесі алда деп ойлаймын.

  Ел біріншілігіндегі легионерлер жайлы не айтасың?

   Жалпы, мен шетелден ойыншылар шақыруға қарсы емеспін. Әрине, олардың шеберлігі жоғары болғаны артық емес. Соңғы кездері біздің біріншілікке талай мықтылар келді. Осының арқасында ойындар қызықты өтіп жатыр деп айта аламыз. Қазір легионерлер арасында өз елінің ұлттық құрамасында ойын көрсететін танымал футболшылар да бар.

  Отбасың жайлы айтып өтсең...

   Менің әкем – Сайдсали. Ұлты – Қырым татары. Анам – Валентина украин қызы. Екеуі Таразда танысқан. Отау құрған. Ағам бар. Есімі – Рустам. Ол да кезінде футбол ойнаған. Қазір дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Отбасы құрғанмын. Ольга есімді жұбайым екеуміз бір ұл тәрбиелеп отырмыз.

    Әңгімеңе рахмет.

Әңгімелескен Әділжан ҮМБЕТ.

Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті. 10.11.12

     


      Подписывайтесь на главные новости
      казахстанского спорта в Telegram

      t.me/allsportskz

      Комментарии

      Сделать ставку
      Комментировать могут только авторизованные пользователи, войдите или зарегистрируйтесь

      Карточка блогера

      «Қайсар» футбол клубы

      Блог журналиста Адильжана Умбета о футбольном клубе «Қайсар»

      • Дата рождения:

        17 января 1976

      • В спорте:

        с 1991 года

      Профиль блоггера

      Фотоальбом

      Наверх