Sports.kz
Дата от   до

СпециалистыЕлжан Кайрканов

27 мая 2018(21:38)

ШҚО-да халықтық спорт ойындары аяқталды

Өскеменде Елордамыз Астана қаласының 20-жылдығына орай, Шығыс Қазақстан облысының әкімінің жүлдесіне өткен ХХІ-ші Халықтық спорт ойындары өз мәресіне жетті.

Биыл Елордамыздың 20-жылдығына орайластырылған айтулы спорттық шара бес күнге жалғасты. Мамырдың 23-і мен 27-сі аралығында өткен Халықтық спорт ойындары бағдарламасына барлығы 22 спорт түрі енді. 

Айта кетейік, олардың ішінде воркаут спорты осы жылы алғаш рет өтті. Сайыстың жабылу салтанатына ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысты.

– Құрметті спортшылар, қатысушылар, сіздерді аймақ басшылығы атынан осымен ХХІ-ші рет өткізілген Халықтық спорт ойындарында алған жүлделеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңыз ұдайы спортпен айналысуды жалғастыра түсіңіздер. Жоғары нәтиже көрсеткен аудандарға тек сәттілік, ал алдағы Елбасының жүлдесіне өтетін Халықтық спорт ойындарында  өңір намысын қорғайтын саңлақтарымыз тек биіктен көрінсін демекпін, – деді басқарма басшысы.

Аталмыш жарыстың соңғы күні қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, жорға жарыс, 3,2 шақырымдағы бәйге жарыс, аламан жарыс, көкпар, 15 шақырымдағы бәйге жарысының үздіктері белгілі болды. Жиналған жұрт назары 25 шақырымдық аламан жарысы мен көкпар ойынына ерекше ауды. Сайыс басынан Көкпекті, Тарбағатай аудандарының құрамалары жүлделі орынға бекініп келгендігін байқатты. Қос ұжым мұның алдында өткен Халықтық спорт ойындарында да өздерін үздік қырынан көрсеткен. Бұл жолы көкпектілік команданың мерейі үстем болып, облыстық жарыстың жеңімпазы атанды. Мұндағы қызық жайт, ұпай санының тең болуына қарай, Өскемен қаласының көкпаршылары да бірінші орыннан көрінді. Үздік үштікті Тарбағатай ауданының командасы түйіндеді. 

25 шақырымдық аламан жарысында бас жүлдеге, яғни облыс әкімі тағайындаған автокөлікке Аягөз ауданының шабандозы Елжан Ерболұлы ие болды. «Көгершін» атты сәйгүлікті тізгіндеген жас өрен мәре сызығына өзгелерден оқ бойы озық жетті.

 Екінші орынға «Әлімқасқа» атты тұлпар мінген жармалық Бағдәулет Ерболов табан тіреді. Ал, жүлдегерлер қатарын «Қызыласық» сәйгүлігімен  Тарбағатай ауданының өкілі Дархан Ұлағат қорытындылады. Айта кетейік, бұл додада үздік нәтиже көрсеткен қатысушылардан команда жасақталып, Маңғыстау өңірінде өтетін республикалық бәсекеде аймақ намысын қорғамақ.

Тартысқа толы өткен Халықтық спорт ойындарында қалалар арасында 375 ұпаймен Өскемен қаласының спортшылары топ жарды. Семей қаласы 339 ұпай еншілеп, жүлделі екінші орынға жайғасса, Риддер қаласы 159 ұпаймен үшінші орыннан көрінді. Аудандар арасында Тарбағатай ауданы құрамасы ешкімге дес бермеді. Олар 320 ұпаймен топ бастады. Екінші орынды 257 ұпаймен Ұлан ауданының командасы иеленсе, Абай ауданы биылғы жылы 248,5 ұпай жинап, үздік үштікті қорытындылады.  Сайыс кестесі бойынша жалпыкомандалық есепте командалар төмендегідей орналасты:

Қалалар арасында жалпыкомандалық нәтиже

1 орын – Өскемен (375 ұпай)

2 орын – Семей (320 ұпай)

3 орын – Риддер (159 ұпай)

4 орын – Зырян (126 ұпай)

5 орын – Курчатов (55 ұпай)

Аудандар арасында жалпыкомандалық нәтиже

1 орын – Тарбағатай ауданы (320 ұпай)

2 орын – Ұлан ауданы (257 ұпай)

3 орын – Абай ауданы (248,5 ұпай)

4 орын – Күршім ауданы (241 ұпай)

5 орын – Жарма ауданы (211ұпай)

6 орын – Зайсан ауданы (207 ұпай)

7 орын – Шемонаиха ауданы (201 ұпай)

8 орын – Глубокое ауданы (199 ұпай)

9 орын – Үржар ауданы (188 ұпай)

10 орын – Аягөз ауданы (183 ұпай)

11 орын – Бородулиха ауданы (136 ұпай)

12 орын – Көкпекті ауданы (130 ұпай)

13 орын – Катонқарағай ауданы (116,5 ұпай)

14 орын – Бесқарағай ауданы (109,5 ұпай)

ШҚО Дене щынықтыру және спорт

басқармасының баспасөз қызметі

 

Подписывайтесь на главные новости
казахстанского спорта в Telegram

t.me/allsportskz

Комментарии

Сделать ставку
Комментировать могут только авторизованные пользователи, войдите или зарегистрируйтесь

Карточка блогера

Спорт ВКО

Блог Елжана Кайрканова о спорте Восточно-казахстанской области

  • Дата рождения:

    25 марта 1995

  • В спорте:

    с 2005 года

Профиль блоггера

Фотоальбом

Наверх