Sports.kz
Дата от   до

СпециалистыНургазы Сасаев

27 июля 2012(20:42)

Қанша алтын алады екенбіз?

Лондон Олимпиадасында кемі үш алтын алуымыз керек. Алтын саны алтауға жетіп жығылса да, таңқалмаймыз. Күміс және қола медаль санынан жаңылысып жатсақ дейміз. Бес күміс, жеті қола олжаласақ, спортшыларды Олимпиадаға дайындауға жұмсаған қаржы мен күш-жігердің еш болмағаны... Арық сөйлеп, семіз шығайықшы.

Намыс туын жықпай, қалыптасқан дәстүрді бұзбай, боксшылардың бір алтын әпереріне күмән келтіруге болмас. Кім алтынмен апталады: Серік Сәпиев пе, Әділбек Ниязымбетов пе, Данияр Елеусінов пе, әлде басқасы ма? Оны Лондон рингі көрсетеді. Ауыр атлетика спортындағы толағай қыз-жігіттерімізден кемі екі алтын күтеміз. Еріктеріне жіберсе, олар екеуден де көп алар еді-ау. Бірақ Халықаралық ауыр атлетика федерациясы былтырғы әлем чемпионатындағыдай тобықтан шалып, тірсектен қағып, жолымызға жуа болып бітпесе деңіз. Екі алтынды қиса, соған риза боламыз. Ильин, Чиншанло, Манеза, Подобедова сынды зілтеміршілеріміздің бабы мен бағы қатар шапқаны, саф алтынды өңірлерінде жарқыратулары керек.

Бұлардан бөлек Алмат Кебісбаев, Нұрмахан Тәнілиев сынды балуандарымыз да алтыннан үмітті. Дзюдошы Максим Раков та соңғы екі әлем чемпионатында алтынмен апталып, күміспен күптелгендігінің кездейсоқ нәтиже емес екендігін дәлелдеуі керек. Үш қарғып секірудің майталманы Ольга Рыпакова да – алтынға балайтын аруымыз.

Міне, басты үміт артар саңлақтарымыз – осылар. Бірақ маңдайы жарқырап, жұлдызы жанып, басқа біреуі топ жарып шықса, оған да таңдай қағып, таңданбаймыз. Қазақстан спорты тарихында марқұм Бекзат Саттарханов пен Александр Парыгин сынды тарланбоздарымыз Олимпиада чемпионы атанып, талайларды тақырға отырғызып кеткен. Оны да естен шығармаймыз. Бағы жанғаны қазақ халқының аялы алақаны мен дархан «құшағында» бақытқа бөленеді.

Айтпақшы, бүгінгі таңда «Баркер» кубогына лайықты боксшы – қазақтың алмас қылыштай жарқылдаған шапшаң ұлы Серік Сәпиев. Украина жұлдызы Василий Ломаченко Бейжіңде алған. Сондықтан екінші рет бұл кубокты оған ешкім бере қоймас.

Өздеріңіз білесіздер, Серік жақында AIBA-ның APB (AIBA Professional Boxing) өнер көрсететін болып, ресми түрде келісімшартқа қол қойды. Олимпиада ойындарынан кейін осы жоба аясындағы айқастардың көрігін қыздырмақ. Яғни қазақ боксының жарық жұлдызы AIBA-ның тың бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдады. Серік қана емес, Қазақстан бокс федерациясы қолдап отыр, бұл жобаны. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, AIBA басшылары осыны да ескерулері керек деп ойлаймын.

Содан соң...өздеріңіз де көңіл бөліңіздерші, 1996 жылы Вэла Бакер кубогын Василий Жиров алды. 2000 жылы бұл кубок ресейлік Олег Саитовқа бұйырды. 2004 жылы Бақтияр Артаевтың иеленгенін жақсы білесіздер. 2008 жылы украин В.Ломаченко алды деп айттық. Осы үрдіс қалыптаса берсе шіркін. Бұл жолы да біз алуға тиіспіз...

 

Подписывайтесь на главные новости
казахстанского спорта в Telegram

t.me/allsportskz

Комментарии

Сделать ставку
Комментировать могут только авторизованные пользователи, войдите или зарегистрируйтесь

Карточка блогера

Ел спорты жайлы ой

Блог Нургазы Сасаева о казахстанском спорте

  • Дата рождения:

    30 ноября 1966

  • В спорте:

    с 1988 года

Профиль блоггера

Фотоальбом

Наверх