Sports.kz
Дата от   до

СпециалистыЕлжан Кайрканов

3 октября 2019(20:13)

Тартысқа толы теңбіл доп додалары

  • Сообщить об ошибке

  • 0
  • Поделиться

  • 0

Өткен апта ел көлемінде «Бұқаралық футбол аптасы» деп аталып, облыс орталығындағы «Восток» алаңы бірқатар теңбіл доп бәсекелерінің куәсі атанды. Бірінші, екінші, үшінші лигалар, ардагерлер арасындағы қала және облыс Біріншілігі, сондай-ақ футболдан қалалық Біріншілік деңгейлері биыл айтарлықтай жоғары болды.

Еліміздің футбол Федерациясы салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатымен жыл сайын аймақтарда бұқаралық футбол аптасын өткізуді әдетке айналдырып келеді. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, түрлі сайыстар айтарлықтай жоғары деңгейде өрбіді. Биыл атаулы шара қыркүйектің 23-30 аралығына сәйкес келіп, күн райының күрт суытқанына қарамай қатысқан әр команда асқан жанкештілік танытып, соңына дейін барын салып ойнады. 

Алдымен футболдан әуесқой командалар арасындағы қалалық Біріншілікке тоқталып өтейік. Бұл жерде үшінші орын үшін кездесу «Марқакөл» және «Имсталькон» командалары арасында өткен.

 Кімнің асығы алшысынан түссе, сол Біріншіліктің қола медальіне қол жеткізетін еді. Қос тарап та шабуылда белсенділік танытып, қақпаларын алма-кезек қыспаққа алып, соққыларын қарша боратты. Десе де сауатты қорғана жүріп, шабуылға лап қойған «имсталькондықтар» әр соққысынан нәтиже шығаруға тырысып, аса сенімді өнер көрсетті. Нәтижесінде есеп 5:2 болып аяқталып,  «Имсталькон» ұжымының пайдасына шешілді.

 Ал ақтық сында «Востокцветмет» және «Риддер ЛНП» командалары жолықты. Биыл «Риддер ЛНП» аяқдопшыларының қарқыны қатты. Жолындағысын ығыстырып, шешуші ойында «ВЦМ» командасынан 6:2 есебімен басым түскен олар қалалық Біріншілікте топ жарды.

 

Айта кетейік, бұл ретте барлық ойында қарсылас қақпасынан 18 мәрте саңылау тапқан Андрей Пустовалов (Риддер ЛНП) айрықша ойын мәнерін көрсетті. Одан бөлек, ақтық сында «ВЦМ» қақпасына үш гол салды. Сайыс қорытындысында төрешілер тарапы келесі ойыншыларды үздік деп таныды:

1. «Үздік қақпашы» – Рамазан Мусин (Риддер ЛНП)

2. «Үздік қорғаушы» – Медет Тукеев (ВЦМ)

3. «Үздік жартылай қорғаушы» – Антон Быков (Риддер ЛНП)

4. «Үздік шабуылшы» – Марат Ахмадиев (Имсталькон)

5. «Үздік сұрмерген» – Андрей Пустовалов (Риддер ЛНП)

Бір айға жуық созылған ардагерлер арасындағы шағын футболдан облыс және қала Біріншілігі де (1-29 қыркүйек аралығы) өз деңгейінде жалғасын тапты. Жарыс жолына сегіз команда шықты, оның ішінде, бес ұжым қалалық, ал үшеуі аудандардан келген. Қызығы сол, жарыста үздік шыққан «Кеден» аяқдопшылары «Батыр» ойыншыларынан тек салынған және жіберілген голдар бойынша басым түсті, Себебі, қос командада да 17 ұпайдан еді. Жүлделі үштікті биыл алғаш рет Глубокое ауданының футболшылары түйіндеді. Төрешілер бұл сында ойын өрнегімен ерекшелене білген қатысушыларды төмендегідей марапаттады:

1. «Үздік қақпашы» – Александр Шимин (Глубокое ауданы)

2. «Үздік қорғаушы» – Руслан Смагзамов (Батыр)

3. «Үздік шабуылшы» – Валерий Андосов (Кеден)

«Кеден» сапында өткір шабуылымен көзге түскен Валерий Андосовтың жасы 60-тан асса да әлі де сүрмергендігінен жаңылмаған. Ұйымдастыру комитеті, бұл ойыншының ойын деңгейіне айрықша жоғары баға берген-ді.

Бұдан іле қыркүйектің 27-сі күні облыстың абсолютті чемпионын анықтау мақсатында кезекті тартыстар өрбіді. 

Яғни, осы жылды қорытындылайтын ақтық ойындар еді. Жарыс жолына шыққан тоғыз ұжымның барлығы да алғашқы іріктеу сынынан іркілмей өткен тәжірибелі командалар.

 Бұл жолы Семей қаласынан «Достар», «Фортуна» және «Динамо-Ерброк» ұжымдары бас жүлде үшін талас жүргізіп көрді. Әр топқа Өскемен, Семей және аудандық командалардың бірі түсіп, өзара шеберлік байқасты. Бұл ретте қазанның 4-6 аралығында өтетін финалдық ойындарға «ВЦМ» (Өскемен), «Имсталькон» (Өскемен) және «Фортуна» (Семей) ұжымдары жолдама алғанын айта кеткен орынды.

– Ойындардың тартысқа толы өтері сөзсіз. Себебі, өңірдегі футболсүйерқауым әркез Семей мен Өскемен командалары арасындағы текетіресті тамашалағанды жөн көреді. Оның үстіне бірде өскемендік, бірде семейлік ұжымның алма-кезек жеңуі расымен де делебені қоздырады, – дейді сайыстың бас төрешісі Сергей Дурницын.

Қыркүйектің 29-ы күні шағын футболдан Бірінші лига кездесулері де өз мәресіне жетті. Төрешілердің айтуынша, чемпион ұжымның есімі тек соңғы турда белгілі болған. Турнир кестесіне мән берсек, алдыңғы екі орында тұрған командалар өзгелерден анағұрлым ұзап кеткендігін байқауға болады.

 Он алты ойын өткізген «Кристалл» командасы 39 ұпай жинап көш басына шықса, «Риддер» футболшылары 35 ұпаймен жүлделі екінші орыннан көрінді. Ал Глубокое ауданының намысын қорғаған «Айтиэл» ойыншылары үздік үштікті қорытындылады. Мұнда жоғары деңгейлі ойын көрсеткен қатысушыларды төрешілер төмендегідей анықтады:

1. «Үздік шабуылшы» – Данилл Берестов (Айтиэл Group)

2. «Үздік қақпашы» – Виктор Бухряков (Кристалл)

3. «Үздік қорғаушы» – Дейдар Жаканов (Риддер)

Сондай-ақ дәл осы доданың Екінші лига командалары арасында асығы алшысынан түскен ұжымдар есімі анықталды. Барлық ойындарда тек бір мәрте жеңілістің кермек дәмін татқан «ШҚМТУ» футболшылары он төрт ойында 39 ұпай жинап өзгелерден едәуір қара үзіп кетті. Бұлардың ізін басып, «Ахмер-1» аяқдопшылары екінші орын, ал Ұлан ауданының «Донское» командасы үшінші орыннан көрінді. Төрешілер жағы «ШҚМТУ» құрамында өнер көрсеткен қақпашы Асхат Сайлатбектің шеберлігіне жоғары бағасын берген-ді. Үздік ойын өрнегімен төмендегі қатысушылар марапатталды:

1. «Үздік шабуылшы» – Ернар Байбатыров (Донское)

2. «Үздік қақпашы» – Асхат Сайлатбек (ШҚМТУ, Өскемен)

3. «Үздік қорғаушы» – Жасұлан Қалымтаев (Ахмер-1)

Осындай доп додалары өз мәресіне жеткен соң, «Футбол сабағы» бағдарламасы аясында аудан мектептеріне доптардың салтанатты түрде табыс етілгендігін тілге тиек еткен орынды. Оның ішінде сегіз қалалық, он алты аудандық мектептер. Аталған мектеп өкілдері өткен демалыста «Coca Cola» компаниясы ұсынған доптарға иелік етуге арнайы келген. Шығыс Қазақстан облысы футбол Қауымдастығы «Шығыс» өңірлік орталығымен тізе қосып, осынау игі бастаманы жасыл алаңның жиегінде өткізген. Айта кетейік, «Футбол сабағы» бағдарламасына енген мектептерге бес доптан табыс етілді.

– Әр мектепте өздеріңіз қолайлы уақыт таңдап, футбол сабағын уақтылы өткізіп тұрсаңыздар жас футболшылардың қалыптасуына үлкен сеп болар еді. Сабақ үстінде болмаса да, одан кейін оқушылардың басын қосып допты қабылдау, допты бағыттау сынды жаттығуларды үйретсеңіздер бүлдіршіндердің қызығушылықтары артатындығына сенім мол, – деді Сергей Дурницын.

Шағын футболдан 2002 және 2005 жылдары туған қыздар арасында  облыс Біріншілігі де біршама шиеленісті өтті. Қызығы сол, 2002 жылы туған қыздар арасында Аягөз қаласының бұрымдылары сайыс бітпей үздік үштіктен орын алып үлгерген-ді. Екінші орын Ұлан ауданына бұйырса, «Восток» командасы көш басына шықты. Ал 2005 жылы туған қыздар арасында «Өскемен 1» ұжымына тең келері болмады. Ұландықтар екінші, ал жүлдегерлер үштігін «Өскемен 2» ұжымының аяқдопшылары қорытындылады.

Тағы бір маңызды шара деп, қыркүйектің 29-ы күні «Бұқаралық футбол аптасын» өткізу мақсатында «Восток» алаңындаөткен  футбол фестивальін айта кеткен артық емес. Аталмыш шараға бірқатар футбол орталықтары, сонымен қатар көптеген аудандардың балалар-жасөспірімдер спорт мектебі өкілдері келіп қатысты. Шара барысында еліміздің футбол Федерациясы атынан мектептерге доптар сыйға тартылды. Әр аумақта түрлі жаттығулар, ойын түріндегі сайыстар өткізіліп, фестиваль көркі одан әрі қыза түсті.

Әділхан Есімханов

 

Комментарии

Сделать ставку
Комментировать могут только авторизованные пользователи, или зарегистрируйтесь

...или войдите через аккаунт соцсети

Карточка блогера

Спорт ВКО

Блог Елжана Кайрканова о спорте Восточно-казахстанской области

  • Дата рождения:

    25 марта 1995

  • В спорте:

    с 2005 года

Профиль блоггера

Фотоальбом